«Аспаннан нұр жаудырып, Наурыз келді еліме» атты мерекелік шара
Наурыз мейрамының өмірдегі де, көңілдегі де орны ерекше. Ұмыт болып қайта жаңғырған мейрамымыз барлық өңірлерде аталып өтуде. Ұлыстың ұлы күнінің астарына үңілетін болсақ бұл бірліктің, берекенің, адалдықтың, батырлықтың, тазалықтың бастауы. Осы орайда бүгін арнаулы кітапханада «Аспаннан нұр жаудырып, Наурыз келді еліме» атты мерекелік шара болып өтті. Шараның мақсаты қазақ халқының салт-дәстүрін паш ететін қасиетті мерекенің ұмыт қалдырмай маңызын ұрпаққа сіңіру. Кітапхана ұжымы биыл мерекені ерекше атап өтті. Өйткені, ұмыт болып бара жатырған «Ерулік» дәстүрін насихаттау мақсатында сахналық қойылым қойды. «Ерулік» дәстүрі бойынша байырғы тұрғындар үйлеріне жаңадан көшіп келген көршілерді шақырып дастархан жайып, қонақ етеді. Дәстүрдің мақсаты жаңадан қонысқа көшіп келген отбасы сол ортаға тез үйренісіп, бір-бірімен жақын араласып кетуін ойлап, барынша көмек берген. Қазір бұл дәстүр ұмытылып барады. Негізі қазақ халқы "Көрші ақысы – тәңір ақысы" деп, қатар қонған көршісін ерекше құрметтеген. Кем кетігі болса ауыл болып көмек беріп бірін-бірі қолдап отырған. Кітапхана ұжымы салт-дәстүрді барынша, өз нақышына жеткізіп әр кейіпкерді ерекше сомдай білді. Кітапхананың жас оқырмандары күйден шашу шашып жиналған қауымды бір серпілтіп тастады.