Ереже
Қызылорда облысының
қаржы басқармасының
2016 жылғы «24» мамыр
№ 286 бұйрығымен бекітілген
«Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының
Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған
арнаулы кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1. «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) ақпараттық, мәдени, білім беру функцияларын жүзеге асыру үшін мекеме ұйымдық құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес мекеме болып табылады.
2. Мемлекеттік мекеменің түрі: коммуналдық.
3. Мемлекеттік мекеме «Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесіне ведомстволық бағынысты заңды тұлғалардың кейбір мәселелері туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №905 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 20 сәуірдегі № 443 қаулысына сәйкес қайта аталды.
4. Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі (бұдан әрі – құрылтайшысы) болып табылады.
5. Мемлекеттік мекеменің уәкілетті органы «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) болып табылады.
Мемлекеттік мекеменің мүлкіне қатысты құқық субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган «Қызылорда облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы орган) болып табылады.
6. Мемлекеттік мекеменің атауы:
- мемлекеттік тілде: «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
- орыс тілінде: коммунальное государственное учереждение «Кызылординская областная специализированная библиотека для незрячих и слабовидящих граждан» управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».
7. Мемлекеттік мекеменің тұрған жері: индексі 120008, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда облыстық маңызы бар қаласы, Темірбек Жүргенов көшесі, ғимарат № 64 «А».
8. Мемлекеттік мекеме мен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы орган, мемлекеттік мекеме мен тиісті саланың уәкілетті органы, мемлекеттік мекеме әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасы заңнамасымен реттеледі.
2. Мемлекеттік мекеменің заңдық мәртебесі
9. Мемлекеттік мекеме ол мемлекеттік тіркелген кезден бастап құрылды деп есептеліп, заңды тұлғаның құқықтарына ие болады.
10. Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес теңгерімі, банкте шоттары, бланкілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік мекеменің атауы жазылған мөрі болады.
11. Мемлекеттік мекеме басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
12. Мемлекеттік мекеме өзінің міндеттемелері бойынша өзінің кепілдігіндегі ақшамен жауап береді. Мемлекеттік мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бірлік тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауапты болады.
13. Мемлекеттік мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелері, олардың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде тіркелгеннен кейін, күшіне енеді.
3. Мемлекеттік мекеме қызметінің мәні мен мақсаттары
14. Мемлекеттік мекеме қызметінің мәні ақпараттық, мәдени, білім беру функцияларын іске асыру болып табылады.
15. Мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты бедерлі-нүктелі, дыбыстандырылған және жайпақ баспа түріндегі кітаптар қорын көз мүгедектерінің, олардың отбасыларына және нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернат оқушыларының пайдалануына ұсыну болып табылады.
16. Мемлекеттік мекеме мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) бедерлі-нүктелі, дыбыстандырылған кітаптар мен тифлологиялық құжаттар және мерзімді басылымдарды қалыптастыру, сақтау және пайдалануға ұсыну;
2) Қазақстан аумағын мекендейтін халықтардың мәдениетін, тілі және өнерінің дамуын насихаттау;
3) зағип және нашар көретін азаматтар арасында тифлологиялық әдебиеттерді кеңінен тарату;
4) оқырмандар сұранысын бедерлі-нүктелі, жайпақ баспа, электронды және дыбыстандырылған әдебиеттермен, сондай-ақ кітапхана қорындағы басқа да материалдармен қанағаттандыру;
5) көз мүгедектерінің кітапханалық қызмет мәселелері бойынша халықаралық, республикалық конференциялар жұмысына қатысу;
6) кітап қорын әдебиеттермен толықтыру, өңдеу және каталог, картотека жүйелері арқылы олардың мазмұнын ашу;
7) кітап қорын есепке алу, барынша пайдалану, сақтауды қамтамасыз ету және санитарлық-гигиеналық, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу;
8) кітапхананың кітап қорын толықтыру мақсатында дыбыстандырылған кітаптарды шығару;
9) кітапхана оқырмандарына, сондай-ақ көз мүгедектерін оңалту мәселелерімен айналысатын кәсіпорындар мен мекемелерге анықтамалық-библиографиялық және ақпараттық қызмет көрсету;
10) оқырмандар сұранысын оқу залы, абонемент, үйге қызмет көрсету абонементі, кітапханааралық және облыс аудандарында стационардан тыс қызмет көрсету арқылы қанағаттандыру;
11) көз мүгедектері кәсіпорындары мен ұйымдары еңбек ұжымдарының қатысуымен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыру;
12) көз мүгедектеріне кітапханалық кызмет көрсетудің жай-күйіне зерттеу, талдау жүргізу және оның жақсаруына өз ұсыныстарын беру;
13) кітапхананың пайдалану ережелерін бұзған пайдаланушылар келтірген залалды өтеу шараларын бекітілген нормативтік құжаттарға сәйкес белгілеу және қолдану;
14) кітапхананың оқырмандар белсенділігін құру және оның жұмысын ұйымдастыру;
15) кітапхананың материалдық-техникалық базасын дамыту және үнемі жетілдіру.
Мемлекеттік мекемеге Ережеде бекітілген өз қызметінің мәні мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға сондай-ақ мәмілелер жасауға тыйым салынады.
17. Мемлекеттік мекеме қызмет мақсаттарына қайшы жасалған мәміле, Қазақстан Республикасының шектеулі заңдарына немесе құрылтай құжаттарында не басшының (директордың) жарғылық құзіретін бұза отырып, жасалған мәміле тиісті саланың уәкілетті органының немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы орган не прокурордың талабы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
18. Мемлекеттік мекеме басшысының (директорының) мемлекеттік мекемемен жарғылық емес қызметті жүзеге асыруға бағытталған әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылып, тәртіптік және материалдық жауапкершілікке әкеледі.
4. Мемлекеттік мекемені басқару
19. Мемлекеттік мекемені жалпы басқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.
20. Тиісті саланың уәкілетті органы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ретпен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға мемлекеттік мекемеге мүлікті бекітіп беру жөнінде ұсыныс береді;
2) мемлекеттік мекеменің жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;
3) мемлекеттік мекеме мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
4) мемлекеттік мекеменің басқару органдарының құрылымын, құрылуы тәртібі мен өкілеттік мерзімін, мемлекеттік мекеменің шешімдер қабылдау тәртібін анықтайды;
5) мемлекеттік мекеме басшысының (директорының) құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны лауазымынан босату негіздерін айқындайды;
6) мемлекеттік мекеменің құрылымы мен шекті мерзімдегі штаттық санын бекітеді;
7) мемлекеттік мекеме басшысының (директорының) ұсынымы бойынша оның орынбасарын (орынбасарларын) тағайындайды және лауазымынан босатады;
8) жылдық қаржы есептілікті бекітеді;
9) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға, мемлекеттік мекемеге берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде олар сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісімін береді;
10) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға мемлекеттік мекеменің филиалдар мен өкілдіктер құруына ұсыныс береді;
11) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға, мемлекеттік мекеме ережесін бекіту, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс береді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
21. Мемлекеттік мекеме басшысы (директоры) тиісті саланың уәкілетті органымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
22. Мемлекеттік мекеме басшысы (директоры) мемлекеттік мекеме жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді, тиісті саланың уәкілетті органына тікелей бағынады( Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда) және мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттер мен олардың өз функцияларын жүзеге асыруына, мекеменің мүлкінің сақталуына жеке жауапты болады.
23. Мемлекеттік мекеме басшысы (директоры) дара басшылық қағидаты бойынша әрекет етеді және мемлекеттік мекеме қызметінің барлық мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және мемлекеттік мекеменің ережесінде айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.
24. Мемлекеттік мекеменің қызметін жүзеге асыруы барысында мемлекеттік мекеме басшысы (директоры) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) мемлекеттік мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүддесін білдіреді;
3) шарттар жасасады;
4) сенімхаттар береді;
5) мемлекеттік мекеменің іссапарларға, тағылымдамаға, қызметкерлерді Қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқытуға және қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатудың басқа да түрлеріне байланысты тәртібі мен жоспарларын бекітеді;
6) банк шоттарын ашады;
7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
8) тиісті саланың уәкілетті органы тағайындайтын қызметкерлерден басқа, мемлекеттік мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
9) мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көтермелеу шараларын қолданады және оларды жазалайды;
10) өз орынбасарының (орынбасарларының) және мемлекеттік мекеменің басқа да басшы қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттік аясын айқындайды;
11) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыру жұмыстарын ұйымдастырады;
12) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмысты ұйымдастырады және аталған жұмысқа дербес жауапкершілікте болады;
13) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданады;
14) өз құзіреті шегінде жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы шараларды іске асыру;
15) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік мекемеге жолдаған өтініштерін қарайды, олардың орындалуын бақылайды, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар береді;
16) оған Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы ережемен және тиісті саланың уәкілетті органымен жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады.
5. Мемлекеттік мекеме мүлкінің құрылу тәртібі
25. Мемлекеттік мекеме мүлкін бағасы оның теңгерімінде айқындалатын заңды тұлғаның активтері құрайды. Мемлекеттік мекеменің мүлкі мыналардың:
1) оған меншік иесі берген мүлік;
2) өз қызметі барысында сатып алған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда);
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері есебінен құрылады.
26. Мемлекеттік мекеме дербес иеліктен шығаруға немесе оған бекітілген мүлік пен оған смета құралдары бойынша бөлінген мүлікке өзгеше тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.
27. Мемлекеттік мекеменің қызметі тиісті бюджеттен қаржыландырылады.
28. Мемлекеттік мекеме бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.
29. Мемлекеттік мекеменің қаржылық-шаруашылық қызметін тексеруді және ревизия жүргізуді Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.
6. Мемлекеттік мекемедегі жұмыс тәртібі
30. Мемлекеттік мекеменің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.
7. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен
толықтырулар енгізу тәртібі
31. Мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органның бұйрығы бойынша жүзеге асырылады.
32. Мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату шарттары
33. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Мемлекеттік мекеменің филиалдары мен өкілдіктері туралы мәліметтер
34. Мемлекеттік мекеменің филиалдары мен өкілдіктері жоқ.