«Ауған соғысы: Отқа оранған 10 жыл» ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші.
Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек, ортамыздағы Ауған соғысы ардагерлері Ұлы отан соғысында от кешкен ата-бабаларымыздың лайықты ізбасары ретінде жастарымызға тағлымы мен тәлімі мол тұлғалар.
Ендеше, бүгінгі күн əскери борышын Ауғанстанда атқарған азаматтарымызға құрмет көрсетіп, құрбан болған боздақтарды еске алатын тағдырлы әрі тарихи күн екендігі сөзсіз. Күні кеше соғыс даласындағы қантөгісті 17-18 жасында, яғни бозбала шағында көрген жастар бүгін ардагер атанып ортамызда жүр. Елге олардың бірі денсаулығынан айрылып оралса, ал бірінің денесі табытпен қайтты. Осы ретте, олардың рухына тағзым ету, ал басы аман, бауыры бүтін, көзі тірілеріне құрмет көрсету ұрпақ парызы.
Осы орайда, арнаулы кітапханасында Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Отқа оранған 10 жыл» атты кездесу кеші болып өтті.
Жастардың зұлмат соғыс жайында ардагерлердің өз аузынан естуі өзекті. Осы орайда, кездесуге аудан жастары да белсене қатысып, от пен оқтың арасынан аман-есен елге оралған ержүрек азаматтардың қилы тағдырлары жайында мәліметтерге қанығып, өздерінің пікірлерін де ортаға сала отырып емен-жарқын əңгіме өрбіді.
Кездесу соңында, Ауған соғысы ардагерлеріне естелік сыйлықтары табысталды.