М. Мақатаевтың туған күніне орай «Жыр жүйрігі - Мұқағали» жыр кеші.
Бүгін, қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толуына орай арнаулы кітапхана №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы түзету мектеп – интернат оқушыларының қатысуымен «Жыр жүйрігі – Мұқағали» атты жыр кеші өтті. Поэзия – сәулелі сезімнің сыңғырлы үні, жүрек дүрсілі һәм қоңырауы. Ол жаңару мен түрленудің, нәр берудің құралы. «Барлығы да, поэзия сен үшін» деп әдебиет патшалығының ғажайып ханзадасы, бірегей сардары ретінде салтанат құрған Мұқағалидың құдіретті шығармаларынан 5-9 сынып оқушылары өзара айтыс ұйымдастырып, кітапхананың тұрақты оқырманы Т. Есмағанбетова «Ей өмір», кітапханашы А. Нұрлиева «Ғашықпын» атты өлеңдерін оқып, Ж. Берік «Қайран жеңгем» әнін орындап, осы әнге қойылым көрсетілді. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – шынымен бақытты халық. Иә Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын және бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстарға толы жұмбақ жан деп мектеп – интернат директоры Ахметов Жамбыл Турсынбайулы қорытындылады. Қатысушы оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.