«Сыр шерткен сырдың қойнауы» тарихи таным сағаты.
09.07.2021 ж. арнаулы кітапхананың ұйымдастыруымен ҚСҚ клубында оқырмандардың қатысуымен, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Сыр шерткен сырдың қойнауы» атты таным сағаты болып өтті.
Шараның мақсаты оқырмандардың туған жерге деген мақтаныш сезімін ояту және тарихы туралы мағлұмат беру.
Туған өлке туралы айтылғанда кең байтақ Қазақстан, оның ішінде әсем де көркем, ақынға жыр, халқына сыр болған Қызылорда өңірін мақтанышпен ойға аламыз. Қарт Қаратаудың иегі мен Қызылқұмның жиегін жағалай аққан Сыр-ана сонау Аралға жетіп тыныс табады. Сыр өңірі тоғыз жолдың торабын түйістірген, жаугершілікте халқына қорған болған қасиетті өлке.
Мәдениеті дамыған, құдіретті өнердің киесі дарыған Сыр жерінің кемеңгер дана, күй атасы Қорқыттан бастау алатын ұлы өнері ғасырдан ғасырға жалғасып, сабақтасып келеді. Сыр жері – қазақ халқының үш кемеңгерінің бірі, орақ ауыз, от тілді шешені Әйтеке бабамыздың, өз дәуірінің көреген көсемі, даңқты қолбасшы, қоғам қайраткері, Самарқанның 30 жылдан астам әмірі болған Жалаңтөс Баһадүрдің, Есет, Жанқожа, Бұқарбай сынды қамал бұзар батырлардың және түбі бір туысқан барша түркі халықтарының ортақ перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған қасиетті жеріде осы.
Біз Сырдариядай ұлы өзен бойын мекен еткен бабаларымыздың, тіршілігімізге жанда, нәр де берген шапағатты Сыр Ананың арда емген ұрпағымыз, - деп кітапханамыздың тұрақты оқырманы І топ көз мүгедегі Кенжебеков Ғалымжан сөз алып, өз ойын ортаға салды.