«Туған жерім аңыз тұнған киелі өлкем» атты кітап көрмесі
Туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады.
Адам – табиғат перзенті. Туған жер – адам өміріндегі киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда отанға деген махаббат сезімі оянады. Әрбіріміз үшін Отан ошақ басынан басталады: туған жер, туған көше, туған қала. Туған жер туралы көптеген ақын жазушыларымыз өлеңдер жазып кітаптар шығарған. Міне осындай туған жерімізге тағзым ретінде 11 наурыз күні Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасында «Туған жерім аңыз тұнған киелі өлкем» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жергілікті ақын жазушыларымыздың кітаптары жинақталып қойылды. Кітап көрмесі қасында сұхбат жүргізілді. Осындай Әбділда, Әбдіжәміл, Мұстафа секілді біртуар азаматтарды дүниеге әкелген киелі жердің тарихын паш ететін кітап көрмесі жыл көлемінде оқырмандарға таныстырылып отыратын болады.